Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен.
«Ескерт! Өйткені ескерту мүміндерге пайда береді». (Зарият, 55)
✅ ҚҰРАН МҰҒЖИЗАЛАРЫ 104: АЛЫП КИТ
Киттер – кит тұқымдастар тобына жататын теңіздегі ең ірі сүт қоректі жануар. Олардың ішіндегі көк киттері ең алыбы саналады. Ересектерінің ұзындығы 33 метрге дейін жетеді. Ал салмағы 90-120 тоннаны құрайды. Киттер сүтқоректі болғандықтан өкпе арқылы тыныс алады. Жылықандылар болып табылады. Балаларын сүт бездері арқылы сүтпен емізеді. Ересек киттер планктон және ұсақ балықтармен қоректенеді. Адамдарға қауіп төндіретін жыртқыштар санатына жатпайды. Алайда тарихта келеңіз оқыс-оқиғалар тіркелгені бар.
1891 жылы Джеймс Бартли есімді жас теңізші «Шығыс жұлдызы» атты ағылшындық кит аулайтын кемеге қызметке тұрады. Фолкленд аралдарына жақын жерде теңізшілер кит тұқымдас кашалоттың соңына түседі. Теңізшілер китті ауыр жаралайды. Алайда кашалот олардың қайығын аударып жібереді. Екі адам із түссіз жоғалады. Соның ішінде Джеймс Бартли де болатын. Бірнеше уақыттан кейін теңіз бетінде әлгі ауыр жараланған киттің өлі денесі табылады. Теңізшілер китті кемеге жүктеп, оны бөлшектеген кезде оның қарнынан әлгі жоғалған Джеймс Бартли шығады.
Киттің асқазанындағы қышқыл ортадан оның терісі аппақ болып ағарып кеткен болады. Терісі әбден зақымданған. Тіпті көздері соқыр болып қалған деп айтылады. Деректерге сүйенсек ол киттің қарнында 16 сағатқа дейін жатқан екен. Есін жинаған соң 2 аптадай өзіне келе алмай, тіл тартпай, ешкімді танымай жатады. Есін жинаған соң болған оқиғаны баяндап береді. Киттің соққысынан кейін суға құлап түседі. Әрі қарай қас қағым сәтте, қара түнек орнап, шырышты құбыр ішінде екенін сезеді. Аяқ қолдары шырышты заттан тайғанап, жанталасып алға қарай қозғалуға тырысады. Біраз уақыт өткен соң құбырдың қабырғалары қысылуын тоқтатқанын сезеді. Ол жатқан жерде тыныс алу мүмкін болғандығын, алайда иісі өте сасық әрі ыстық екенін баяндайды. Киттің қарнында екенін түсінген кезде, қорыққаннан есінен танып қалады. Әрі қарай әріптестері киттің қарнынан жарып шығарғанда ғана есін жинағанын айтады.
Бұл оқиға ел арасына тез таралып кетеді. Сол жылдары барлық баспасөз беттері жарыса жазады. Әсіресе әйгілі New York Times газетінде 1896 жылы жарық көреді. Ол туралы кітаптар мен романдар жазылып, әртүрлі зерттеулер жүргізіледі. 1891 жылғы газеттің қиындысы. "Эдем" атты косаткалар мұражайында сақтаулы тұр. Мұражай сипаттамасында былай жазылған: "Суға сүңгуден бұрын кашалоттар терең тыныс алып, бұлшықет талшықтарына, өкпесіне, тіндері мен қанға оттегіні жинайды. Бәлкім осындай оттегінің жиналуына байланысты Джеймс Бартли аман қалуы мүмкін бе?".
1914 жылы француз ғалымы Де Парвиль соған ұқсас жағдай жөнінде Paris Journal des Débats газетінде жариялаған. Әрине күдікшіл адамдар бұған сене қойған жоқ. Бұл тақырып әлі күнге дейін даулы мәселе күйінде қалуда. Сену не сенбеу әркімнің өз еркінде. Дейтұрғанмен 2021 жылдың 11 маусым күні ұқсас оқиға орын алды. Майкл Паккард есімді теңізші Кейп-Код жағалауында теңіз шаяндарын аулап жүрген кезінде, оны алып бүкір киттің жұтып қойғаны туралы хабарланды. Алайда ажалы жоқ екен, 1 минуттан кейін кит оны сыртқа шығарып жібереді. Бұл оқиғаны Washington Post және BBC сынды танымал баспасөз беттері күні кеше жарыса жазысты.
Ас-Саффат сүресі, 139-144 аят: «Расында Юнуста пайғамбар еді. Ол адам лық толған кемеге мініп қашты. Ол (басқалармен бірге) жеребе тастады және жеребе оған түсті. (Содан кемедегілер оны суға тастап жіберді) Ол (Алланың рұқсатынсыз) үйін тастап кеткені үшін енді өкініп жатқанда, оны балық (кит) жұтып қойды. Егер ол Алланы дәріптеушілерден болмағанда, қайта тірілетін күнге дейін балықтың қарнында қалар еді». (37:139-144)
Әнбия сүресі, 87-88 аят: «Юнусты есіңе ал. Сол уақытта (күпірліктен қайтпаған қауымына) ашуланып, кетіп қалды. Сөйтіп, ол (өзінің бұл ісін дұрыс санағандықтан) Бізді өзін қыспаққа алмас деп ойлады. Алайда ол кейін қараңғылықтар ішінде (балықтың қарнында) жатып: “Сенен басқа ешбір тәңір жоқ. Сен Пәксің. Шын мәнінде мен қателесушілерден болдым”, - деп жалбарынды. Тілегін қабыл етіп, оны қайғыдан құтқардық. Міне иман келтіргендерді сөйтіп құтқарамыз». (21:87-88)
Құдіретті Алла Юнус (ас) пайғамбарды қазіргі Ирак жеріндегі Мосул кентінің Ниневия қаласына жібереді. Бұл қалада 100 мыңнан астам адам өмір сүрген және барлығы пұтқа табынушы болған. Юнус (ас) оларды ұзақ жылдар бойы бір Аллаға құлшылық қылуға шақырады. Алайда олар иман келтірмейді. Сөйтіп қауымына 3 күннен кейін келетін азапты баяндап, лық толы кемеге отырып елді-мекеннен қашып кетеді. Жолда қатты теңіз дауылы тұрып, кемеге қауіп төнеді. Кемедегілер жеребе тастайды. Барлық жеребе Юнус (ас) пайғамбарға түседі. Алланың рұқсатынсыз елді-мекеннен қашып кеткені үшін, Алланың ашуын шақырғанын бірден түсінеді. Сөйтіп кемедегілер оны суға тастайды. Сол сәтте оны алып кит жұтып қояды.
Киттің ішінде жатып, Алладан кешірім сұрап, зікір айтуын тоқтатпайды. Бізге жеткен деректерге сүйенсек, ол киттің ішінде 3 күн жатады. Ал қауымы болса, Юнус (ас) кеткен соң күн түнеріп, Алладан азап келе жатқанын түсініп, иман келтірген бойда барлығы жалбарынып, елшіні артқа қайтаруын тілей бастайды. Содан кейін Алла Юнус (ас) пайғамбардың дұғасын және халқының тәубесін қабыл етеді. Оны киттің қарнынан шығарып, жағаға тастайды. Бұл туралы жаңағы Саффат сүресінің жалғасында айтылады:
Ас-Саффат сүресі, 145-148 аят: «Біз оны ашық жағалауға шығарып тастадық және ол науқас еді. Оның жанынан асқабақ өсірдік. Оны саны жүз мыңға жуық, тіпті одан да көп (өзінің қауымына қайта) жібердік. Олар (бұл жолы) иман келтірді. Сөйтіп оларға белгілі бір уақытқа дейін тіршілік етуіне мұрсат бердік». (37: 145-148)
Юнус сүресі, 98-аят: «Юнустың елінен басқа (азаптың келгенін көріп) иман келтірген әрі имандары пайда берген бірде-бір елді-мекен болмаған. Олар иман келтірген заманда, өздерінен дүние тіршілігіндегі қорлықты айықтырдық та, оларға бір мерзімге дейін жарық дүниенің қызығын көруге мұрсат бердік». (10:98)
Ниневия – біздің дәуірімізге дейінгі 8-7 ғасырларда Ассирия елінің астанасы болған. Юнус (ас) пайғамбардың Алланың азабынан аман қалған қауымы қазіргі Ирак жеріндегі Мосул қаласында орналасқан. Ниневия қаласының орналасқан жері 1820 жылы анықталды. Алғашқы археологиялық қазба жұмыстарын 1842 жылы француз Пол-Эмиль-Ботта бастаған. Ал 1847 жылы британдық Остин Генри Лэйард Ниневияның қалдықтарын алғаш зерттеуді қолға алған. 1854 жылы құнды жәдігерлерімен Куюнджик кітапханасы табылды.
Гугл картаны ашып Ниневия қаласына іздеу салатын болсақ, оның қазіргі орналасқан жерін анық көре аламыз. Көріп отырғандарыңыздай Ниневия қаласына ең жақын орналасқан Жерорта теңізі болып табылады. Жерорта теңізінде 20-ға жуық теңіз сүтқоректілері өмір сүреді. Әрине бұл жерде алып киттерден бүкір кит және кашалот, фин киттері, тіпті сұр кит пен косатка да кездеседі. Юнус (ас) Жерорта теңізіне қарай кетіп, дәл сол жерде китке жұтылған болуы ықтимал.
«Біз оны ашық жағалауға шығарып тастадық және ол науқас еді. Оның жанынан асқабақ өсірдік» деген жаңағы аяттарға жеке тоқталайық. Джеймс Бартли киттің қарнынан шыққанда қышқыл ортаның әсерінен терісі ағарып, көздері зақымданғаны жөнінде айттық. Асқазанда жатқан соң ас қорыту жүйесі іске қосылады да, асқазан сөлі мен өттің бөлінуі жүреді. Бұл нәрселердің барлығы Джеймстің денсаулығына әсер еткені айтпасада түсінікті. Салыстырмалы түрде айтар болсақ – Джеймс Бартли альбинос адамдар секілді бозарып кеткен. Дәл сол секілді Юнус (ас) пайғамбарда белгілі бір деңгейде зақымданған болуы ықтимал. Өйткені Алла киттің қарнынан, науқас күйінде шыққанын анық хабарлап отыр.
Әрі қарай аяттың жалғасында асқабақ өсірдік деп хабарланды. Бір қызығы асқабақ калий, кальций, фосфор, темір секілді минералды заттарға және В, А, С, Е, К, Т витаминдеріне өте бай және ең маңыздысы әрі қажеттісі оның құрамында бета-каротин өте жоғары болады. Альбинос адамдардың ауруларының басты себебтерінің бірі де дәл осы бета-каротин жетіспеушілігінен туындайды. Яғни бета-каротин көздің көруін жақсартады, теріні қалпына келтіреді, иммундық жүйені күшейтеді. Юнус (ас) киттің қарнынан шыққан соң, асқабақпен қоректеніп денсаулығын қалпына келтірген болуы ықтимал. Себебі Юнус (ас) пайғамбардың алғашқы мұғжизасы шипалы асқабақ болса, кейінгі мұғжизасы алып балықтан аман қалуы болмақ. Жоғарыда келтірілген оқиғалар бұл ақпараттарды одан сайын қуаттай түседі. Өз кезегінде ол ақыл иелеріне тағы да ғибрат болары анық!
Фурқан сүресі, 1-2 аят: «Бүкіл әлемге бір ескертуші болуы үшін құлына (жақсы-жаманды айыратын) Құранды түсірген Алла өте жоғары. Көктер мен жердің патшалығы Оныкі. Ол ешкімді бала қылып алмады да, Оның патшалығында ешбір ортағы жоқ. Сондай-ақ әр нәрсені жаратып, оның өлшеуін белгіледі». (25:1-2)
Фурқан сүресі, 3-аят: «Олар (кәпірлер) Алладан өзге өздеріне, ештеңе жарата алмайтын тәңір жасап алды. Олар (кәпірлердің құдайы) өздері қолдан жасалған еді. Олар (кәпірлердің құдайы) тіпті өздеріне пайда да, зиян да жеткізуге қабілетті емес және өмір сыйлау, жанын алу, қайта тірілту күшіне иелік ете алмайды». (25:3)
Фурқан сүресі, 4-аят: «Кәпірлер: “Бұл (Құран) – жай ғана оның (Мұхаммедтің) ойдан құрастырған өтірігі, басқа түк те емес. Оған (Құранды ойлап табуға) басқа адамдар (иудейлер мен христиандар) көмектесті”, - деп айтады. Расында олар әділетсіздік жасап, өтірік айтуда». (25:4)
Фурқан сүресі, 5-6 аят: «Олар (кәпірлер, тағы да): “Бұл (Құран) – бұрынғы халықтардың аңызы. Ол (Мұхаммед) оларды (яғни аңыздарды) жаздырып алады да, ертелі-кеш өзіне оқылады”, - деп айтады. (Мұхаммед оларға) “Оны (Құранды) көктер мен жердің (бүкіл) сырын Білуші (Алла) түсірді. Ол – (мұсылмандарды) Жарылқаушы, (оларға) ерекше Мейірімді”, - деп айт». (25:5-6)
💚 Жобаның жұмысына қолдау білдіремін десеңіздер: 4400 4301 0884 4892 (Kaspi Gold)